Оқиға 14 шілдеде болған
Ақтауда егде жастағы әйел адам балалар алаңында ойнап жүрген баланы ұрып-соққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Lada.kz жазуынша, оқиға 17-шағынаудандағы футбол алаңында болған.
Видео авторы айтқандай, футбол ойнап жүрген балалардың бірі тепкен доп абайсызда басқа балаға тиген.
«Әжесі алаңға жүгіріп келіп, немересін ренжіткен баланы ұрып-соға бастады. Зардап шеккен баланың анасы бұл уақытта қалада болмаған, ал әкесі жұмыста болған», – дейді оқиға куәгері.
Облыстық полиция департаменті аталған мекенжайда тексеру жүргізілгенін, болған жайтты мән-жайы анықталғанын хабарлады.
Оқиға 14 шілдеде болған. Ал 15 шілдеде кешке әйелден таяқ жеген баланың ата-анасы облыстық балалар ауруханасына жүгінген.
«64 жастағы әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабы (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша хаттама жасалып, шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданады», – деді ведомство өкілдері.
Баланы ұрған әйелге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.