Талғарда орталық базар өртеніп кетті

07.04.2022 23:08

Жалын 900 шаршы метр жерді шарпыған

tengrinews.kz


Алматы облысына қарасты Талғар қаласының қақ ортасында базар өртенді. Түнде тұтанған қызыл жалын 900 шаршы метр аумақты қамтыған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абырой болғанда, өрт уақытылы ауыздықталып, адам шығыны тіркелмеді. Алайда 224 контейнер иесі табыс көзінен айырылды.

Тілсіз жаудың салдарынан табыс көзінен бір сәтте айырылып, қарызға белшесінен батқан саудагерлер қарасы көп. Олардың басты талабы қалпына келтіру жүмыстарын жергілікті билікке мойындату және шығынды төлету. Тауарлары күлге айналған кәсіп иелері өртенген базар маңына жиналып, базынасын айтты.

«Базар әкімшілігі:«Алаңдамаңдар, қалпына келтіреміз, қолдан келгенді жасаймыз»,– деді. Мен 30 жыл бойы балаларымды осы базардан тапқан табысыммен өсірдім. Үкіметтен бір тиын көмек алып көрген жоқпыз», – деді саудагер Қарлығаш Қабашева.

Орталық базардың өртенген бөлігіне жұртты жолатпады. Дарбазаның маңын тәртіп сақшылары бақылап, «іште тексеру жұмыстары жүріп жатыр» дегенді ғана айтты. Содан халық сауда орнының әкімшілігін шақырып, өз сұрақтарына жауап беруді талап етті.  

«Бәрін ойластырып жатырмыз. Өтемақы туралы да. Қазір ештеңе айта алмаймын. Бұл жер – үлкен. Мұны әдейі өртеген жоқпыз. Өрт түнде сағат 1:50-де болған дейді. Техника мен тоқ желілері жаңа», – деді базар әкімшісі Бақтияр Мұқашев.

Әмбебап базардың жалпы ауданы 8330 шаршы метр. Оның 900-і өртенгендіктен, біраз саудагер жұмыссыз қалдық деп отыр. Ал нақты қанша кәсіпкердің мүлкіне залал келгені әзірге белгісіз.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің тұтанғаны туралы түнгі 2-лер шамасында хабарланған. Тілсіз жауды ауыздықтауға Алматы мен Есік қаласының өрт сөндірушілері де атсалысыпты. Отты сөндіруге 31 қызметкер мен 10 арнайы техника жұмылдырылыпты.

Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы.