Ақмола облысында бухгалтер жалған қызметкерлерге заңсыз жалақы аударған. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының және Зеренді ауданы әкімінің, сондай-ақ аудандық әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен онлайн режимде өткен бейнеконференцияда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабында енгізілген сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою мәселесі қаралған бейнеконференцияда кездесуге қатысушылар бөтеннің мүлкін ұрлау оқиғасы бойынша мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс шеңберіндегі ақпараттан хабардар етілді.
Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында мекеменің бас бухгалтері кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемеген адамдарға ірі мөлшерде жалақыны негізсіз аударғаны анықталды.
Осыған ұқсас құқықбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің еңбек және қызметтік тәртібіне бақылауды күшейтуді, қызметкерлермен қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуді, сондай-ақ ведомствоішілік нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша, атап айтқанда, басшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбаны беру жауапкершілігіне қатысты тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство 67 ұсыну енгізді, оның 45 пайызы әкімдіктер мен олардың бөлімшелеріне енгізілді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу шараларына қарамастан, Зеренді ауданында лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту оқиғаларын анықтау жалғасуда. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жыл ішінде мұндай жағдайлар көбейіп кетті. Сондықтан, бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын жасағаны және тиісті алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін басшылардың дербес жауапкершілігіне тағы да назар аударамын. Сонымен қатар, заңдылықты бұлжытпай сақтауға және мемлекеттік қызметті адал атқаруға шақырамын», – деп атап өтті бейнеконференцияда Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев.