Шучинскіде полиция қызметкерлері жол апатынан қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 15 қазанда Шучинск қаласының Абылайхан көшесімен жүйткіп келе жатқан Lexus автокөлігінің жүргізушісі Сейфуллин көшесін қиып өткенде жергілікті полиция бөлімінің қызметтік автокөлігімен соқтығысады. Апат салдарынан екі учаскелік полиция инспекторы оқиға орнында жан тапсырған. Ал жол апатына кінәлі жүргізуші болса, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған Шучинск қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Күдіктінің жеке тұлғасы анықталды. Ол бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 200, 346-бабы бойынша сотталған, 2022 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған Шучинск қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі, яғни «Көлік құралын басқарған адамның жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр», – деді Ақмола облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.