Іздеу жұмыстарына 50-ден астам адам тартылды
Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында 16 жастағы бозбаланың денесі табылды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Марқұмның денесін төтенше жағдай өкілдері мен сақшылар күні бойы іздеген. Мәйіт қараңғы қоюланған кезде барып табылған.
Облыстық Төтенше жағдайлар қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Аягөз өзенінен мал айдап өткен бозбаланы ат аударып кеткен. Тасып жатқан өзен оның денесін ағызып әкеткен.
«Хабар жеткен бойда біздің қызметкерлер оқиға орнына барды. Іздеу жұмыстарына 50-ден астам адам тартылды. Арасында қарапайым тұрғындар да бар. Бұл кезде Аягөз өзенінің тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Марқұмның денесі оқиға орнынан 50 метр жерден шықты», - дейді Аягөз аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Мәди Қажыбаев.
Құтқарушылар өзендер тасып жатқандықтан, малшыларға өткелден мал айдау кезінде сақ бол керектігін ескертеді.