Әйелге белгісіз біреу телефон арқылы хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырған
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер банк қызметкеріміз деп хабарласып, әйелді 8,5 млн теңгеге тақырға отырғызған алаяқтарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны интернет алаяқтардың құрбаны болды. Әйелге белгісіз біреу телефон арқылы хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырған. Ол қала тұрғынының атына біреулердің несие ресімдемек болып жатқанын айтып, көмегін ұсынған. Зардап шегушінің айтуынша, хабарласқан адам өте сауатты, банк терминдерін қолданып сөйлескен. Сол себепті әйелде күмән тумай, айтқанын істеген, яғни 2 млн теңгеге несие ресімдеп, оны «қосымша шотқа» аударған.
Біраз уақыттан кейін тағы біреуі хабарласып, ол да өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Ол да несие алғызып, оны жаңа шотқа аудартқан. Осылайша бірнеше рет қайталаныпты. Қаскүнемдердің әрекетінен әйел бес банктен 8,5 млн теңге несие алып, шығын шекті. Өзінің алданғанын кеш түсінген қала тұрғыны полицейлерге арызданды. Бұл дерек «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді, қазіргі уақытта жедел тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. «Соңғы кезде «банктен қоңырау шалу» интернет-алаяқтығы кең таралған. Қылмыскерлер жұртты телефон арқылы несие алуға мәжбүрлеп, ақшаны белгілі бір шотқа аудартады. Кей жағдайда олар құпия деректерді білуге тырысады. Банк картасының нөмірін, оның артындағы cvv-кодты және sms хабарлама арқылы келетін бір реттік кодты білу жеткілікті. Алаяқтарға жем болмау үшін банк қызметкерлерінің осылайша үйге телефон соқпайтынын естеріңізде сақтаңыздар. Егер есепшотыңызға қатысты қандай да бір күмән туса, бірден банкке барып мән-жайды анықтағаныңыз дұрыс», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
СҚО-да жыл басынан интернет алаяқтыққа қатысты 499 дерек тіркелді.