Ақтөбеде жаттықтырушы мен балалар жол апатына түсті

18.12.2022 16:34

Полиция мәліметінше, бір бала қайтыс болған

polisia.kz

Ақтөбеде жантүршіктірер оқиға болды. Ішінде жаттықтырушы мен балалар болған көлік жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, бір бала қайтыс болған. Оқиға 17 желтоқсанда Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының 68 шақырымында болған. Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны басқарған Toyota Estima автокөлігі аударылып кеткен.

Автокөлік ішінде 11 адам, оның ішінде 2010-2011 жылдары туған 9 бала болды. Олар Шұбарқұдық ауылынан Ақтөбе қаласына волейболдан жарысқа қатысу үшін шыққан.
Салдарынан бір бала жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды, қалған 8 бала Ақтөбе қаласындағы Облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

"Құрметті азаматтар, ҚР Индустрия және инфрасқұрылымдық даму министрлігінің "Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес балаларды тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруі үшін белгіленген мерзімге дейін 3 тәулік бұрын сұраныс ұсынылуы қажет", - деп екертті Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Айдос Кулжанов.