Атырауда пиротехникадан өрт шығып, 9 қабатты үйдің сырты жанып кетті

01.01.2024 16:34

Отты сөндіруге ТЖД 53 қызметкері, 8 техника жұмылдырылды

AtyrauPress

Атырауда көпқабатты үйден өрт шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1 қаңтар түнгі 02:33 шамасында Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданы Елорда даңғылы бойында орналасқан үйдің қаптамасынан өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Шақырту орнына жеткен өрт сөндірушілер 9 қабатты «Family» тұрғын үйінің сыртқы қамтамасының ашық отпен жанып жатқанын анықтады.

Мамандар шұғыл түрде өрт сөндіру жұмысын жүргізіп, жалынның тұрғындар тұратын бөлігіне ұласуына жол бермеді.

Тілсіз жаудан 9 қабатты тұрғын үйдің 250 шаршы метр болатын сыртқы қамтамасы (полифасад) жанып кетті.

«Өрт сағат 03:17-де оқшауланып, 03:19-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Құрметті атыраулықтар, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде жалынның пиротехникадан шыққаны туралы болжамдар айтылып жатыр.

Айта кетейік, отты сөндіруге ТЖД 53 қызметкері, 8 техника жұмылдырылды.