Қарағандылық Арайлым Алпысбаева қазір 15 жаста. Айтуынша, ол бала кезінде туыс 2 ағасынан зорлық көрген. Кішкентай қыз бұл істі түсінбеген, сондай-ақ 5 жыл көлемінде жасырып келген. 13 жасында батылдық жинап ата-анасына айтқанымен, олар сенбеген.
Ол ата-атасының рұқсатымен 7-арнаның «Өз ойым» бағдарламасына келді, деп жазады Stan.kz.
Ата-анасы кейін мәселенің анығын білген тұста Арайлымды қолдаған. Анасы Сәуле ханымның айтуынша, Арайлым қазіргі таңда дәл осы зорлық тақырыбында өзінің инстаграм парақшасында блог жүргізеді. Осы арқылы ол өзінің замандастарының үнсіз қалмауына шақырады.
Ал басынан өткен жайтты бойжеткен былай деп баяндады:
«Мен не болғанын да түсінбедім. Оны бірнеше жылдан кейін ұғындым. Өйткені оған дейін нақты не болғанын білмедім», – деген Арайлым небәрі 7 жасында 13-14 жастағы екі туыс ағасынан зорлық көргенін айтады.
«Ғаламтор пайда болған соң білдім. Теледидардан, таныстарымнан «зорлық» деген түсінік бар екенін түсіндім. Мен қалаған жоқпын, бірақ солай болды. Менің жасым 7-де еді. Бар өмірім қуыршақ пен мультфильмнен, әжеммен ойын ойнаудан тұратын. Күндердің күнінде мен сабақтан келдім, үйде ағаларыммен қалдым. Ақыр соңында осындай жағдай орын алды», – дейді Арайлым.
Қыздың айтуынша, ата-анасы оның бойынан, әрекетінен ешқандай өзгеріс байқамаған. Сондықтан мінез көрсете бастаса оны бар болғаны «еркелік» деп қабылдапты.
«Ешқандай ана басына түспейінше, бұл туралы ойланбайды. Оның үстіне, жақын адамдар істейді деп ойламайды. Ата-ана мұны байқау керек еді. Бірақ олар бар болғаны мені шектен тыс еркелетіп жібердік немесе өзі өтпелі кезеңде жүр деп ойлауы мүмкін. Олар солай ойлады да. Мені бұзылып барады деп ұқты. Себебі зорлық деген нәрсе ешкімнің миына да кіріп шықпайды. Мұндай жағдай басымнан өтті деп ешкім мойындамайды. Бұл әйел өзі шешініп, болатын нәрсе емес. Ешқашан олай болмайды. Бұл сіздің пәтеріңізді тонағанмен бірдей. Сізге айтпастан, сізді көшеде өлтіріп кетеді. Бұл да тура сондай нәрсе», – дейді Арайлым.
Тікелей эфир барысында «Үндемей қалма» атты қоғамдық қозғалысының мүшесі Алма Байғабұлова жасырын түрде ұйымға жазатын қыздардың көп екендігін мәлімдеді.