Екібастұз қаласындағы жылумен жабдықтау жай-күйі туралы соңғы ақпарат мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv,
Түн ішінде 149 көппәтерлі тұрғын үйдің ішінен 129 үйге, 15 әлеуметтік нысанның 10-ына жылу берілді.
Қосымша төрт қазандық іске қосылып, нәтижесінде алты қазандық жұмыс істеп тұр. Өткен тәулікте қалада жылу желілерінің айналымы сақталған.
«Жұмыс тобы құрылды. Құбырлардағы апатты тез арада жойып, жүйедегі температураны реткекелтіріп, тапсыру керек. Бұл көптен жиналған проблема ғой, бір күнде шешу мүмкін емес. Тексеріс жүргізген кезде де құбырлардың ескі екенін көрдік. Төтенше жағдай режимі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша сақталады», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Таңғы сағат 09:00-дегі жағдай:
- 6 қазандық агрегатының жұмысы (№6,8,9,12,14,15);
- резервте 4 қазандық агрегаты (№ 5,7,11,13), олар станция жұмысын және температуралық кестені ұстап тұру мүмкіндігін береді.
Есепті уақытта жылу тасымалдағыштың берілу температурасы - 75ºС (норма 87ºС), кері айналым 50ºС (норма 56ºС), пәтерлерде - 18-20ºС, сыртқы ауа температурасы - 30ºС.
Екібастұздың білім нысандары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Балабақшалар жұмыс істемейді.
Павлодар қаласына 123 адам көшірілді, оның ішінде:
- білім беру желісі бойынша - 84 адам,
- денсаулық сақтау желісі бойынша - 39 пациент.
Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы нашарлаған жоқ, 20-25ºС шегінде сақталады, бұл санитарлық нормаларға сәйкес келеді.
Екібастұз қалалық ауруханасында 269 пациент (оның ішінде 92 бала), перзентханада - 37 пациент (оның ішінде 19 бала) бар.
Шұғыл көмек уақтылы көрсетіледі. Температура режимі сағат сайын бақыланады.
Авариялық жөндеу жұмысына 138 адам және 35 техника жұмылдырылды. Бұрын анықталған 15 зақымданудың 14-і жойылды.
Күннің бірінші жартысында 20 көппәтерлі тұрғын үйге қатысты мәселені толық шешу жоспарланған.