Тілсіз жауды ауыздықтауға 158 адам жұмылдырылды
Оралда Басқақ тоғайы аумағындағы өрт 70 гектарды қамтыды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 55 гектары құрғақ шөп болса, 15 гектары – орман екпелері.
«Жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан ТЖМ бөлімшелері және «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің бірлескен жедел іс-қимылдары нәтижесінде өрт 20 сәуір күні сағат 20:36-да оқшауланды. Елдімекендерге қауіп жоқ, қазіргі уақытта жекелеген жану ошағына су төгу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы орган өрт сөндірушілерге ыстық тамақ ұйымдастырды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға барлығы 158 адам, 34 техника жұмылдырылды. БҚО ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб жұмыс жасап жатыр», – деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында құрғақ шөптің өртенуіне байланысты жедел штаб құрылғанын жазған болатынбыз.