Өрт сөндіру қызметі өрттің таралуының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бақты орман шаруашылығындағы шыққан өрттің жалпы ауданы 2 500 гектарға жетті. Соның ішінде мемлекеттік орман қорының аумағы 1 500 гектарды құраған, деп хабарлайды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті.
Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына 120 адам (Қарқаралы МҰТП-дан 39 адам, Қарағанды облыстық ТЖД-дан 61 адам, Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан 10 адам және т.б.), 16 өрт сөндіру машинасы, 3 трактор және 2 тікұшақ, су шашатын құрылғысы бар І сыныпты бір тікұшақ (МИ-8), МИ-2 екінші тікұшағы өрт сөндіру қызметін әуеден бақылауға тартылды.
Қарқаралы ауданының әкімдігі төтенше жағдай режімін жариялады. Өрт сөндіру қызметі өрттің таралуының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 12 тамызда сағат 17:26-да өрт сөндіру қызметіне Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ кентінен 30 шақырым қашықтықта, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бақты орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөп жанып, өрт орманға таралғаны туралы хабар түскен.