27 қаңтарда Алматыда жолаушылар көлігі мен маршруттық автобус соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Жол апатына қатысты қалалық полиция департаменті түсініктеме берді деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео пайда болды. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жол апаты кеше, сағат 09.00-де Алатау ауданында болған.
- 2003 жылы туған Chevrolet көлігінің жүргізушісі Емцов көшесімен солтүстік бағытта, Рысқұлов даңғылының солтүстігінде келе жатып, рульді басқара алмай, қарсы бетке шығып кетіп, автобуспен соқтығысқан, - деді Салтанат Әзірбек.
Апат салдарынан көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Автобустағы төрт жолаушы медициналық көмекке жүгінген. Факт тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Оқи отырыңыз: Жетісуда жантүршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапты