Ер адам үйіндегі газ-пешіне 25 литрлік газ баллонын өз қолымен қосып қойған
Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жомарт саяжайында бір отбасының төрт адамы газға уланып көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 52 жастағы үй иесі мен оның үш ұлы ұйықтап жатып уланған. Бәрі көз жұмды. Бұл уақытта марқұмның әйелі үйде болмаған.
Отбасы 2 ай бұрын Тараз қаласынан көшіп келген. Қаза тапқан балалардың анасы - 1973 жылы туған азаматша. Ол Іле ауданындағы мектептердің бірінде аспаз болып жұмыс істейді.
«6 қазан күні таңғы сағат 5-те жолдасы әйелін жұмысқа апарып, үйдегі ұлдарына қайтып келген. Жұмыстан кейін үйге оралған әйел шамамен сағат 16.00-де ұлдары мен күйеуінің денесін тапқан»,- деп атап өтті ведомство өкілдері.
Анықталғандай, ер адам үйіндегі газ-пешіне 25 литрлік газ баллонын өз қолымен қосып қойған.
Алматы облысы ТЖД газ құралдарын пайдалану кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін азаматтардан мынадай ережелер мен ұсынымдарды сақтауды сұрайды:
- жаңа жылыту жабдықтарын орнатуды білікті мамандар жүргізуі тиіс;
-газ жабдығымен кез келген өз бетінше әрекет етуге, тиісті рұқсатсыз газдандыруды жүргізуге, газ аспаптарын жөндеу және қайта орналастыру үшін кездейсоқ адамдарды тартуға тыйым салынады. Газбен байланысты барлық жұмыс түрлерін тек мамандандырылған ұйымдар орындауы керек.
- газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімді сатуға сертификаты бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алу керек. Өйткені, жұмыс істеп тұрған Газ аспаптарын қауіпсіз пайдалану және оларды тиісті жағдайда ұстау үшін олардың иелері жауапты болады. Ешқашан газ құрылғыларын, соның ішінде газ баллондарын бөгде адамдардан сатып алмаңыз.
Мамандардың газ жабдықтарын жыл сайын тексеруі міндетті.