Жайылымдық шөпті шарпыған жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен бірге, ерікті өрт сөндіру жасағынан 29 адам мен 11 техника тартылды
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, Қызылқоға ауданының аумағында тағы да дала өрті тіркеліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл – аталған ауданда тіркелген дала өртінің төртінші оқиғасы. Департаменттің диспетчерлік пультіне 14 шілдеде сағат 13:50-де Миялы ауылынан 60 шақырым қашықта құрғақ шөптің өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Осыған орай өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің құрамынан 7 қызметкер 1 техникамен оқиға орнына шұғыл жетті. Олар Ойтан, Лұқпан, Қазанқап, Теміршағыл, Айыртау учаскелерінде 5 мың гектар аумақтың шөбі жанғанын анықтады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жайылымдық шөпті шарпыған жалынды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен бірге, ерікті өрт сөндіру жасағынан 29 адам мен 11 техника тартылды. Өрт кеше 15 шілдеде сағат 01:55-те сөндірілген.