Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Алматы облысының медициналық ұйымдарында әуе апатынан зардап шеккен 30 науқас жатыр, оның 7-еуі бала, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал бір адам Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер әуе апатынан жарақат алғандардың жағдайы жақсарып келетіндігін айтады.
«Бүгінгі таңда барлығы 22 ота жасалды. Оның екеуі балаға жасалды. Жасалған оталардың барлығы нәтижелі деп есептеледі. Медициналық көмек пен диагоностикалық, дәрі-дәрмектік көмектер қазіргі заман талаптарына сай толық көлемде көрсетілуде», – деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Әуе апатынан зардап шеккен үш адам одан әрі ем алу үшін санитариялық авиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласының Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына әкетілді. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордаға жеткізілген науқастардың жағдайын біліп қайтқан болатын. Ол туралы министр өзінің Фейсбук парақшасында жариялаған. Елжан Біртанов ұшақ апатынан зардап шеккендердің барлығына қажетті ем көрсетілгенін, үздік мамандардың тартылғанын және қарқынды терапия жүргізілетінін жазған.
Естеріңізге сала кетейік, әуе апатынан 69 адам зардап шеккен, оның 9-ы бала.