Алматыда түнгі ойын-сауық мекемелеріне рейдтер жүргізілуде

25.01.2019 16:49

Алматы полициясы қаладағы қылмыстық ахуалды оңалту мақсатында түнгі көңіл көтеру мекемелерін тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Бүгінде қалада қылмыстардың көпшілігі дәмханалар мен түнгі клубтардың маңында тіркеледі. Осындай мекемелердің иелері заң нормаларын жиі бұзады. Олар кәмелеттік жасқа толмағандарға ішімдік сатып, қоғамдық орындарда темекі тартуға рұқсат береді. Көзге жай нәрсе көрінгенмен, бұл олқылықтың арты ертең орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Бұл түнгі ойын-сауық мекемелері иелерінің болашақта жасалуы ықтимал қылмыстың алдын алу үшін жаалып отырған профилактикалық шара», - деді қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының міндетін атқарушы Төрехан Исин.

Айта кету керек, мұның алдында Алматы полициясы қаладағы қылмыс жиі болатын түнгі мекемелердің тізімін жасаған болатын. Қара тізімде Сейфуллин даңғылында орналасқан «Эсперанса» түнгі клубы көш бастап тұр. Мұнда былтыр 300-ден астам рет полиция шақыртылған. 89 қылмыс тіркелген.