Нақтыланбаған мәлімет бойынша, оның өзіне қол жұмсауына жігітімен айрылысуы себеп болған
Шымкентте әйел өзін-өзі өртеп жіберді. Оқиға 3 желтоқсанда Тассай ықшамауданында болған. Әйелдің денесінің 80 пайызы күйіп қалған, ол ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
31 жастағы келіншек үстіне жағармай (болжаммен, бензин) құйып, "Тассай" ықшамауданындағы Юсуф Сареми көшесінің бойындағы ашық алаңда өзін өртеп жіберген.
Ол гиперболиялық оксигенация орталығына жеткізілді. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы тым ауыр деп бағаланған.
Нақтыланбаған мәлімет бойынша, оның өзін өртеуіне жігітімен айрылысуы себеп болған.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Ақмола облысында ер адам бірге тұрып жатқан әйелін өртеп жіберген болатын.