Ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының нормаларына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады
Рейд кезінде Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулаған балықшы анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қапшағай қаласының табиғатты қорғау полицейлері өзге де табиғат қорғау ұйымдарының өкілдерімен бірлескен рейдтік іс-шара кезінде Қапшағай су қоймасының ортасындағы моторлы қайықтағы ер адамды байқаған.
Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері Алматы облысының аумағында экологиялық жағдайды жақсартуға және табиғатқа қамқорлық танытуға бағытталған «Таза Қазақстан» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Оның аясында су қоймаларының жағалау аймақтары, жағажайлар, демалыс аймақтары, табиғи парктер қатаң бақылауға алынған.
33 жастағы Талғар қаласының тұрғыны елдің табиғат қорғау заңнамасын бұзатынын түсінсе де, қайығы мен ауын алып, Қапшағайға арнайы ат басын тіреген. Қайығынан 80 кг түрлі балық табылды. Қолда бар айғақтардан кейін ол жауапкершіліктен құтылмайтыны анық. Полиция қызметкерлері моторлы темір қайықты, торды, 80 кг түрлі балықты және балық аулауға арналған басқа да құрал-жабдықтарды тәркіледі. Ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының нормаларына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.