Төтеншеліктер дер кезінде тұрғын үйден 10 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген
Шымкентте көп қабатты үйде газ жарылып, 35 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Төтеншеліктер дер кезінде тұрғын үйден 10 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал өрт шыққан пәтер ішінде 1 адам болыпты. Оның алған жарақаты жеңіл болғандықтан, ауруханаға жатудан бас тартқан. Оқиға куәгерлері жарылыстың қуаты күшті болды деп отыр. Өйткені дүмпу қөрші үйлердің терезелері және аулада тұрған бірнеше көліктің әйнегін сындырып жіберген. Оған қоса, пәтер ішіндегі дүние-мүлік түгі қалмай жанып кетіпті.
«Қауіпсіз жерге 4 адам шығарылып, 6 адам құтқарылды. Сондай-ақ, оқиғаның салдарынан көршілес орналасқан екі пәтердің терезелері, ауди автокөлігінің алдыңғы әйнегі зақымдалған. Өрттің беті 06.42-де оқшауланып, сағат 07.20-да толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себептері газ шаруашылығының алдын ала мәліметі бойынша белгісіз себептерден газдың жиналуы деген болжам», – деді қалалық ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Жақсыбаев.