Алматыда көпқабатты үйдің шатырында дискотека ұйымдастырғандар анықталды

07.09.2020 16:59

Алмалы аудандық полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл шаралар қабылдады

Фото: Есен Искаков/facebook.com

Алматылық әйел көпқабатты үйдің төбесінде дискотека ұйымдастырғандарға шағым түсірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«2020 жылдың 4 қыркүйегінде түнгі сағат 23.15 шамасында мен сіздің атыңызға арыз жаздым. Байзақов көшесі, 170 мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің шатырында әр аптаның жұма және сенбі күндері дискотека ұйымдастырылады. Музыканың даусы бүкіл ауданға естіледі. Сізден осы мәселеге қатысты шара қолдануыңызды сұраймын», – деп жазды тұрғын Алмалы аудандық полиция бөлімінің басшысы Есен Ысқақовқа Facebook-тегі парақшасында.

Полиция қызметкерлері бұл шағымды ескеріп, тәртіп бұзушыларды анықтады.

«Сізден түскен шағым бойынша Алмалы аудандық полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл шаралар қабылдады. Олар Байзақов көшесі, 170 мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің шатырын тексерді. Күдіктілерге ҚР Әкімшілік бұзушылық кодекстің 434-бабы 2-тармағы ("Қоғамдық орындардың ластануы") және 440-бап бойынша ("Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарда болу") хаттама толтырылды», – деді бөлім басшысы Есен Ысқақов.