Алматыда екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына себепші көлік жүргізушілері 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Осыдан бір жыл бұрын Сүйінбай даңғылы мен Баянауыл көшесінің қиылысында адам өліміне әкеп соққан ірі жол-көлік оқиғасы болған еді.
Түнгі 22:35-те «Субару Легаси» автокөлігінің жүргізушісі А.Петин Сүйінбай даңғылымен оңтүстік бағытта жүріп келе жатып, Баянауыл көшесіне бұрылған. Бағдаршамның сары түсі жанып тұрса да «Субару« бұрылуын тоқтатпаған. Осы уақытта Ж.Әліпов рулінде болған «Митсубиси Паджеро» автокөлігі Сүйінбай даңғылымен солтүстікке қарай жүріп бара жатқан, оның да салонында екі жолаушысы болған. «Митсубиси» жүргізушісі онсыз да жыпылықтап тұрған бағдаршамның сары түсінен үлгеріп өтіп кету үшін газды қатты басқан. Ал «Субару» жүргізушісі жылдам қимылдап, маневрді аяқтауға асыққан. Осының салдарынан екі көлік қатты соғылды.
Соққыдан «Митсубиси» төңкеріліп қалған. Ал оның салонында болған әйелдердің біреуі көліктен ұшып кетіп, көше бойына орнатылған бағанаға соғылған. Инерцияның күшімен «Митсубиси» асфальтта сырғып, қайтадан аударылып, жүрісін жалғастырып, автокөлік басқарусыз жол бойымен жүре берген. Әрі қарай көлік үшінші машинаға соғысып, тоқтаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Митсубиси» автокөлігінің салонында болған жолаушылар, бір-біріне туыс болып келетін екі әйел де көз жұмды», – деді Алматы қаласының ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
Сот отырысы барысында А.Петин мен Ж.Әліпов өз кінәларын толықтай мойындады. Сот А.Петин мен Ж.Әліповты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, олардың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Біреулердің ет жақындары осындай немқұрайлылық салдарынан қайтыс болды. Жүргізушілердің біреуі тоқтау керек болса да, бағдаршамның сары түсіне өтіп кетті, екіншісі маневрдің қауіпсіздігіне сенімді болмай, бұрыла бастады. Екі жүргізушінің де бейқамдығы осындай қайғылы салдарларға әкеп соқтырды. Мұқият және сақ болу маңызды, бастысы ешқайда асықпау керек. Себебі түптің түбінде асығатын жерің болмай қалуы да мүмкін», – деп түйіндеді Олжас Шәріпов.