Үш жас жігіт Текелі тауындағы қараусыз қалған шахтада қайтыс болған
Алматыда тауға демалуға шыққан 22-24 жас аралығындағы үш жігіт қаза тапты, деп жазады stan.kz.
Өткен демалыста үш жігіттің демалысы өліммен аяқталды. Үш жас жігіт Текелі тауындағы қараусыз қалған шахтада қайтыс болды.
Қайғылы жағдайдың мән-жайын журналист Сандуғаш Дүйсенова Facebook парақшасында жазды.
23 наурыз күні жоғалып кеткен жас жігіт достарымен тауға кетіп, қайта оралмайды. Оған әпкесі алаңдап, іздей бастайды.
Бір күннен соң әпкесі жолдасына әлденені сезіп тұрғанын айтып, іздеуге шығады. Текелі қаласындағы қараусыз шахтада жігіттердің көлігі табылды. Көлікте ешкім болмаған. Тек әуен ойнап тұрған.
Қорқып кеткен қыз әкесіне хабарласады. Олар сол жерден 200 метр жерде шахтаны көреді. Төменге түсіп көрмек болады. Алайда тыныс алу мүмкін болмағандықтан қайта көтеріледі. Полиция шақыртып соларды күтпек болады. Алайда облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері ертесіне келеді. Олар қорғаныс киімін киіп, шахтаға түседі.
Шахтаның 350 метр тереңдігінде 23 жастағы Александр Чернов пен 24 жастағы Медет Қоспаевтың, 22 жастағы Сергей Малаховскийдің денесі табылды.
Болжам бойынша, өлімге белгісіз будан улану себеп болған.
«Жылап отырмын. Өрімдей жас жігіттерді жерлеген қандай қиын. Суреттегі балаларды енді ешқашан анасы құшақтай алмайды. Әкесі балыққа апармайды. Әпкесі көрші баланы айтып шағымдана алмайды. Жігіттерге обал болды. Өте ауыр қаза. Бәріне қайғыра отырып көңіл айтам», -деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.