Жол апаты салдарынан Opel автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі қаза тапты
Атырау облысы Индер ауданында оқушылар мінген көлік жол апатына ұшырады, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Жол-көлік оқиғасы 6 желтоқсанда 19:50 шамасында Индер - Атырау тасжолында Бөдене ауылына жақын маңда болған. Opel Vectra және Lada Х-Ray автокөліктері соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Opel автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі қаза тапты.
Дереккөз мәліметінше, Lada тізгінінде Құрылыс ауылының мұғалімі болған, ол бес оқушыны аудан орталығы Индербор кентінен олимпиададан алып қайтқан. 9 адам зардап шекті, оның ішінде бес бала да бар. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді.
АЖ-ға облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда кісі өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық іс көтеріліп, сотқа дейін тергеп-тексеру басталды.