ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу басталды
Алматыда 19 жастағы шетелдік жігіт қызды қорлап, соққыға жыққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бейтаныс жігіттен таяқ жеген бойжеткен әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады.
Алматы тұрғынының айтуынша, оқиға 26 қыркүйектен 27 қыркүйекке қараған түні қаладағы бильярд клубтарының бірінде болған.
- Мен жұмыста болдым. Бейтаныс ер адам мені ренжіте бастады. Балағаттап, қолымнан ұстады. Ол менің жұмыстан шыққанымды күткен. Таксиге отырғызбай, өзімен бірге баруға мәжбүрледі. Келісім бермегенім үшін соққыға жықты. Мен есеңгіреген күйде полиция шақырдым. Полиция болмаса тіпті қиын болар еді. Мен өмірім үшін қорқамын. Оның 19 жаста және шетел азаматы екенін білдім, – деді ол.
Алматы қалалық Полиция департаменті, аталған дерек Түрксіб аудандық полиция басқармасында тіркеліп, ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын хабарлады.
- Осы қылмысты жасаған күдікті 2004 жылы туған А. есімді азамат ұсталды. Бойжеткеннің алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу шаралары кешенінің нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады,- деп атап өтті Алматы қалалық ПД Баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Полиция қызметкерлерін көлікпен сүйреген: Қызылордада заң бұзған жүргізуші ұсталды