Түрме қызметкері пойыз жолаушысының өмірін аман алып қалды

26.02.2019 17:03

Оқиға 12 ақпан күні Арқалық-Қостанай жолаушылар пойызының ішінде болды

Арқалық-Қостанай пойызында УК-161/12 мекемесінің сотталғандар арасындағы еңбек және тұрмыстық орналастыру жөніндегі инспекторы Салтанат Досыбаева тұншығып қалған жолаушыға жәрдем берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 12 ақпан күні Арқалық-Қостанай жолаушылар пойызының ішінде болды. Кенет пойыз ішіндегілер жолсерікті көмекке шақырады.

«28 жастағы Шынар Жақыпова тұншығып, жүрек тұсының ауырғанын айтады. Ол әр минут сайын қиналып, көмек сұрайды. Жанындағы адамдар қанша тырысқанымен, көмектесе алмаған. Сол күні қызметтік сапарда жүрген Салтанат Досыбаева жолаушыға жәрдем береді. Тұншығып жатқан Шынар Жақыповаға алғашқы көмек көрсетті», - дейді УК-161/12 мекемесінің психологы Татьяна Карасевич.

Пойыз 2 сағаттан соң Есіл стансасына жетеді. Жолаушыны жедел жәрдем қызметінің көлігі күтіп алды. Ол бірден дәрігерге жүгінді.

«Шынар Жақыпова Арқалыққа келген соң өзіне жәрдем берген Салтанат Досыбаеваға қайта-қайта алғыс айтты. Шынар біздің әріптесіміздің арқасында жақында болатын туған күнін атап өтетін болды», - деді Т. Карасевич.

Айта кетейік, Салтанат Досыбаева УК-161/12 мекемесінің сотталғандар арасында еңбек және тұрмыстық орналастыру жөніндегі инспекторы қызметін атқарады.  





Теги: Поезд