Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді
Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Компания хабарына қарағанда, 27 қарашада сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалды.
"Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр", - делінген хабарламада.
Коммуналдық қызмет жағдайды ушықтырмау үшін қала тұрғындарынан желілік суды ағызбауды сұрады.
"Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет", - деп түсіндірді "Екібастұзжылуэнерго" өкілдері.
Залал туралы ақпаратты +7 701 705 49 57 нөміріне диспетчерлік What’sApp қызметіне дереу жіберу қажет.
"Қазіргі таңда тұрғындардың жылумен қамту жағдайын тұрақтандырудағы басты көмегі - жылу желілерінің зақымдануы туралы ақпарат. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жылу құбырларын тарту және ақауларды жою бойынша көмек қажет болады", - деп түйіндеді коммуналдық қызмет өкілдері.
Айта кетейік, Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді.