Павлодар облысында мал ұрлаған күдікті ұсталды

23.07.2019 17:07

Жыл басынан бері облыс аумағында 49 мал ұрлығы тіркелген

Рavlodarnews.kz

Криминалдық полиция қызметкерлері 43 жастағы тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Ұсталған азамат бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталған. Биыл қаңтар айында Павлодар қаласының полициясына 42 жастағы ауыл тұрғыны өрісте жүрген 6 жылқысының ұрланғанын, соның кесірінен 1 млн 250 мың теңге шығын келтіргені туралы шағымданған», - дейді департаментте.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, мал және ет сатып алумен айналысатын 50 жастағы павлодарлықты анықтады. Тексеріс барысында одан ұрланған үш жылқы алынды. Жылқыларды таңба бойынша таныған.

Сатып алушының айтуынша, аталған жылқыларды оған бұрынғы таныстары сатқан.

Жедел қызметкерлер оның ізіне түскенін білген күдікті алдын ала тергеу органдарынан жасырынып қалған. Осылайша 2019 жылы 19 ақпанда іздеу жарияланған.

17 шілдеде мал ұрлығы бойынша іздестіріліп жатқан күдікті Павлодар қаласының уақытша изоляторына қамауға алынды. Тергеуге дейінгі тексеру барысында ұсталған азаматтың облыс аумағында орын алған мал ұрлығының басқа да фактілеріне қатысы анықталуда.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 49 мал ұрлығы тіркелген.