Солтүстік Қазақстан облысында жеңіл көлікпен ірі қара малды тасымалдаған тұрғынды полицейлер әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Петропавлдың 44 жастағы тұрғыны жеңіл көліктің артқы орындық бөлігіне бұзау салып, тасымалдаған. Оны жолда жүргізушілердің бірі түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберген. Бұл жазба тәртіп сақшыларының назарын аударды. Полицейлер көліктің нөмірімен жүргізушіні анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауда, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотоцикл шлемдерін пайдалануда жол ережелерінде көзделген талаптарды сақтамау» бабы бойынша көлік жүргізушісі айыппұл төлейді. Бұдан басқа СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мұндай жағдай тағы қайталанбауы үшін ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізді», – делінген полиция хабарламасында.
Бұл бап бойынша айыппұлдың мөлшері – 5 АЕК, яғни 14 585 теңге.