Сотталушының адвокаты сот үкіміне қайта шағым түсіретінін айтып, айыпталушылардың ұрлығы дәлелденбегінін жеткізді
16 мамырда Қарағанды облыстық сотының ғимаратында екі жылға бас бостандығы шектелген Балқаш қаласының тұрғыны Александр Гит апелляциялық алқа сот шешімін оқыған соң, процеске қатысушылардың көзінше күре тамырын кесіп жіберді. Бұл оның сот шешіміне наразылық белгісі еді, деп жазады Азаттық.
Азаттық тілшісі Александр Гиттің өзіне хабарласа алмады. Ауруханада оған медициналық көмек көрсетілген соң полиция бөлімшесіне алып кеткен. Оқиғаны өз көзімен көрген екінші сотталушы былай деді:
«Александр екеуіміз апелляциялық сот әділ шешім шығарады деп үміттенген едік. Екеуіміз де үкіммен келіспейміз, себебі кінәлі емеспіз. Біз жанар-жағар май ұрлаған жоқпыз. Оған дәлеліміз де бар. Ал енді біз сотталып, жұмысымыздан және жеп отырған нанымыздан айрылдық. Алты миллион теңге тұратын көлігімді де алып қойды», - дейді Евгений Глазков.
Ол «Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену» ісі бойынша айыпталған екінші сотталушы.
Сотталушының адвокаты сот үкіміне қайта шағым түсіретінін айтып, айыпталушылардың ұрлығы дәлелденбегінін жеткізді.
«Сот приставтары мен қорғап отырған азаматтың тағы да өз-өзіне қол жұмсамас үшін шара қолданды, әйтпесе ол тағы да өз тамағын орып жібермек болған. Жедел жәрдем көлігі алып кетіп, оған медициналық көмек көрсетті. Содан соң полиция бөлімшесіне апарып, сұрақ-жауап алынды. Материалды тіркеп, «өзіне қол жұмсауға тырысу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүретін шығар. Процессуалдық шешімнің қалай болатыны әзірге белгісіз. Бірақ қалай болғанда да үкім және апелляциялық инстанция шешімімен келіспейміз және кассацияға шағымданамыз», - деді сотталушылар адвокаты Сергей Галко.
16 мамыр күні кешке облыстық сот оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
«Апелляциялық инстанцияның істі зерттеуіне жеткілікті уақыты болды. Алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі оқылған соң онымен келіспеген сотталушы Гит ұстарамен өзін жарақаттаған. Апелляциялық инстанция бойынша сот актісіне шағымдану тәртібі сотталушыларға түсіндірілген еді. Сотталушыға уақытында медициналық көмек көрсетілді», - деді судья Роза Нұрмаханова.
Александр Гит пен Евгений Глазков осы жылдың наурыз айында «қызметтік өкілетін пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену» бабы бойынша екі жылға бас бостандығынан айрылып, мүліктері тәркіленген.