Қазақстанда екі аптада 88 адам көлік апатынан қайтыс болған

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
505 адам жарақат алған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ішкі істер министрлігі еңбек демалысы маусымы басталуына байланысты қазақстандықтарды жол ережесін мұқият сақтауға шақырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Еңбек демалысы кезеңі келісімен автокөлік қозғалысының жиілігі өсіп отыр. Соның әсерінен көліктен келетін қауіп-қатер артты. Кейінгі 2 аптада 428 жол-көлік оқиғасы кезінде 88 адам көз жұмып, тағы 505 адам жарақат алды. Оның ішінде 92 көлік апатында кәмелет жасына толмаған 8 бала қайтыс болып, 102-сі зардап шекті. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің үштен бірі – жаяу жүргіншілер»,– деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде. 

Ведомство өкілі тіркеліп жатқан жол апаттарының негізгі себептеріне тоқталды. 

«Аталған жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы. Қала сыртындағы жолдарда болатын апаттардың кісі өлімі көрсеткіші жоғары. Мұндағы басты себеп – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы және қарсы бағытпен жүруі. Ал елді мекен аумақтарында болатын апаттардың негізгі себебі – жаяу жүргінші жолағын кесіп өту ережесінің бұзылуы және жылдамдықты арттыру. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін сақтау қажеттігін еске салады»,– деді Нұрділдә Ораз.

Новости партнеров