Алматы облысында мектеп оқушысы тапталып қала жаздады

18.11.2022 17:12

Оқиға Талғар ауданындағы №3 мектепте болған

instagram/kris_p_talgar

Алматы облысы, Талғар ауданында мектеп оқушысы сырт киімін алмақ болғанда құлап, оны балалар таптап кете жаздады. Осыған байланысты мектеп директорына сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиға Талғар ауданындағы №3 мектепте болған.

«Сабақ уақыты біткен соң, балалар жаппай гардеробқа сырт киіміне қарай жүгірді. Куәгерлердің айтуынша, қыз еденге құлап, есінен танып қалған. Оқиға кеше болған. Осы оқиғадан кейін мектеп штатта киім ілетін жерде тұратын адам болмағандықтан, сырт киімдерін сыныпқа алып кіруге рұқсат етті», - делінген хабарламада.

Алматы облысының әкімдігі оқиғаның 17 қарашада Абай атындағы №3 мектептің гардеробында екінші ауысымда сабақ біткен кезде болғанын айтты.

«Ол уақытта кезекші мұғалім шыға берісте тұрған, 6-сынып оқушысы көп баланың ортасында қысылып кейін құлап қалған. Оның орнынан тұруына сыныптастары мен кезекші мұғалім көмектесті, оқушы есінен танып қалған жоқ. Қазіргі уақытта қыз өзін жақсы сезінеді, оның денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деді әкімдіктегілер.

Ведомствоның хабарлауынша, ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес мектеп директоры Ж.Құмарова тәрбие жұмысындағы олқылық үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Сондай-ақ, оған оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.