Өрт сөндірушілер үйге кіргенде пәтерде ес-түссіз жатқан ер адам табылды
Алматыда өрт сөндірушілер өртенген пәтерден 3 адамды аман алып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші пультіне Медеу ауданындағы Төлебаев көшесінде 8 қабатты үйдегі пәтер өртеніп жатқаны туралы хабарлама келген.
Өрт сөндірушілер келгенде 3-ші қабаттағы пәтерден қою түтін шығып жатқан.
«Астыңғы қабаттың тұрғындары үйлерінен шығып үлгерді. Өрт сөндірушілер үйге кіргенде пәтерде ес-түссіз жатқан ер адам табылды. Төргі бөлмеде матрац өртенген. Қасында тағы екі адам мас күйінде жатқан», – деді ТЖД.
49, 33, 52 жастағы ер адамдар токсикология бөліміне жеткізілді. Қазір олардың жағдайы жақсы. Өрт 18 минутта сөндірілді.
ТЖД алматылықтарға төсекте жатып темекі шекпеуге кеңес береді.