Түркістан облысында үйден қашқандар табылды
Оқиға Отырар, Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарында болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Отырар аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын қызының үйінен белгісіз бағытқа шығып, хабарсыз кеткенін айтқан.
Тәртіп сақшылары топ-топқа бөлініп, 16 жастағы қызды белгілері бойынша іздестірді. Жедел атқарылған шараның нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірім Шымкент қаласындағы саяжайдың бірінен табылып, үйіне қайтарылды.
Сондай-ақ дәл осындай арызбен полиция көмегіне Сарыағаш ауданының тұрғыны жүгінген.
Ол да кәмелетке толмаған қызының колледждегі сабағына кетіп, қайта оралмағанын айтқан.
Полицейлер 15 жастағы қызды Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерде таныс қыздарымен бірге жүрген жерінен тапты.
Одан бөлек Келес ауданында ауруханада ем алып жатқан 17 жастағы қыз көшеге шығып кетіп, қайта оралмаған.
Ал Жетісайда 13 жастағы қыз жоғалған.
Шұғыл іздестіру шарасын жүргізген тәртіп сақшылары келестік қызды Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрған жерінен тапса, жетісайлық жасөспірім саябақтардың бірінде жүрген жерінен үйіне қайтарылды.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Алматыда үш жаңа саябақ ашылады