Кентау дәмханасында уланғандар саны 92-ге жетті

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кентау қаласындағы тамақтану орнынан уланғандар саны 92-ге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кентау қаласындағы тамақтану орнынан уланғандар саны 92-ге жетті. Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпарынша, алғашқы дерек осыдан 2 күн бұрын тіркелген. Содан ауруханаға түсе бастаған науқастар қатары көбейген. Уланғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 41 болса, 51-і – ересек адамдар. Бұл жағдайдан кейін Кентау қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Тергеп-тексеру нәтижесінде қоғамдық кафенің биыл сәуірде ашылғаны белгілі болды. Ең сорақысы, тамақтану орнында мұндай жағдай осымен 3-рет қайталанып отыр екен. Былтыр тамызда 168 адам уланып, кәсіпкерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, ескерту жасалған. Ал екіншісінде іс сотқа дейін жетіп, санитар мамандар жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде көптеген кемшілік анықталыпты.

– Нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ, нысан қызметкерлері алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген. Жұмыс жасайтын 20 қызметкердің 12-де ғана медициналық кітапша бар, шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжат толық емес. Өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған. Яғни, ет өнімдері, құс еті өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер бір тоңазытқышта араласа сақталған, – деді Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берденова.

Айта кетейік, уланғандар қоғамдық тамақтану мекемесінде суши мен тауық етін жеген. Қазір «Ризық-Рауаны» кафесінде болған жағдай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Жергілікті прокурордың нұсқауымен ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Құрамына облыстық Полиция департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Экономикалық тергеу департаментінің тәжірибелі қызметкерлері енген.

– Іс бойынша процесс прокуроры айқындалды. Айта кететін жайт, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы, 1-бөлігімен «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормаларды бұзу» дерегімен қылмыстық іс жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Кінәлі тұлғаларға қатысты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – деді Кентау қалалық Полиция басқармасы бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Нұржігіт Әлиев.

Оқи отырыңыз: Облысқа бюджет бөлерде, төтенше жағдайларды да ескеру керек - сенатор

Новости партнеров