Тиісті ем қабылдағаннан кейін бала есін жинаған
Атырауда энергетикалық кәмпиттен уланған бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, он жасар ер бала облыстық ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген. Балақайдың ата-анасы жағдайдың мән-жайын түсіне алмаған. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Жедел талдама нәтижесі құрамында кофеині бар заттан уланғанын көрсетті.
Тиісті ем-дом шараларынан кейін бала есін жинаған. Олар үйге келгеннен кейін жеткіншек «Flush UP» энергетикалық кәмпитінің бірнешеуін сатып алып жегенін айтты.
«Қазіргі уақытта кішкентай пациенттің жағдайы жақсы. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.