Қазір бұзақы қамауға алынған
Жамбыл облысында әскери форма киген жігіт көшеде бейтаныс адамдарды ұрып-соғып, бөтеннің үйіне басып кірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түсініксіз оқиға 12 желтоқсан күні Құлан ауылында болыпты. Жергілікті жұрттың зәресін алған видео әлеуметтік желіде тарап, талқыға түсіп жатыр. Көрінгенге жұдырық ала жүгірген ер адам ауладағы дүкен мен пәтерлерге кіріп, 3 әйелді соққыға жыққан. Абырой болғанда, соңғы жәбірленушінің жолдасы дер кезінде бұзақыны ұстап, тәртіп сақшыларын шақырған. Кейін оның 22 жастағы Ақмола облысының тумасы және Тараз гарнизоны әскери бөлімдері бірінің қызметкері екені анықталды.
«Жатын бөлмесінен шыққаным сол еді, әскери киім киген біреу көкірегімнен тепті. Оған күш көрсетіп, қол аяғын қайырып, полиция қызметкерлерін звондап шақырдым. Үйге кірген бетте бірінші ас бөлмесінде отырған келіншегімді ұрып құлатқан. Одан қызым қорқып, қашып, жатын бөлмесіне маған қарай қашқан», – деді жәбірленушінің күйеуі Азамат Тәжиев.
Қазір бұзақы қамауға алынған. Полиция қызметкерлері қызметтік тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. Әзірге, әскеридің не себепті мұндай тұрпайы әрекетке барғаны белгісіз.
«Әскери азамат заңға қайшы әрекеті мас күйінде жасағаны анықталып отыр. Ол Тараз гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде қызмет етеді. Бұзақылықты қызмет уақытынан тыс кезде жасаған», – деді Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығы баспасөз қызметінің өкілі Дина Мұхаринова.