Ақтөбеде пәтерлердің бірінен анасы мен ұлының мәйіті табылды

29.03.2023 17:22

ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Владимир Третьяков

Ақтөбедегі пәтерлердің бірінде екі адамның мәйіті табылды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, таңғы 6 жарым шамасында Жеңіс даңғылы бойындағы көпқабатты үйлердің бірінен зорлықпен өлтірілген 35 жастағы пәтер иесі мен оның 16 жастағы ұлының денесі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv

Оқиға орнында тексеру жүргізген жедел-іздестіру тобының мәліметіне сәйкес, қайтыс болған келіншектің 13 жастағы қызы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер жеткіншекке шұғыл түрде ота жасалып, қазір жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Бірнеше жерден пышақ жарақатын алған қыз баланың жағдайы ауыр. Қазір мән-жайды құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Кісі өлтірді деген күдікті әлі ұсталған жоқ.

«Осы факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмысты жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған арнайы және жедел іс-шаралар өткізілуде», – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.