Бұл дерекке байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды
Алматы полициясы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлік айнасын ұрлаған адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл дерекке байланысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
«Қалалық Криминалды полиция басқармасы кешенді тергеу-іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Сыртқы бейнебақылау камераларындағы видео алынып, ұрлық жасаған адамның жеке тұлғасы анықталды», - деді Полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ, ұрланған затты сатып алған саудагерлер анықталуда. Криминалды полицияның хабарлауынша, қылмыскер тура сол күні «Рэндж Ровер» көлігінің де айнасын шешіп кеткен.
Айта кетсек, Алматыда биыл ұрлық қылмысының көрсеткіші жылдағымен салыстырғанда 2,4 есе азайған. Осындай ұрлықтардың басым көпшілігі ізі суымай ашылды. Жыл басынан бері 30 адам ұсталып, 3 қылмыстық топ әшкереленді.
Еске салсақ, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин жүзуден Олимпиада жеңімпазы Дмитрий Баландин көлігінің айнасын ұрлау фактісі турал айтқан болатын.