50-ден аса құтқарушы, 10 техника және 20 мотопомпа жұмылдырылды
Толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруінен Түркістан облысының бірнеше қаласы мен ауданын су басты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салдарынан 2 қала мен 3 аудан тұрғындары зардап шеккен. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Облыста толассыз жауған жаңбырдан су деңгейі көтеріліп, жолдар жабылған. Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Сауран, Ордабасы ауданындағы көшелерде жұрт су кешіп жүр.
Жаңбыр суын сору және су тасқынының алдын алу жұмыстарына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің барлық техникасы жұмылдырылған. Көше бойы мен арықтарды тазалау қарқынды жүріп жатыр. Төтеншеліктер жедел желіні іске қосып, тұрғындар тарапынан түскен хабарламаларды шұғыл өңдеуге кірісіп кеткен.
«2023 жылы 2 ақпанда таңғы сағат 8:00-де Түркістан облысында қатты жауын-шашын мен қалың қардың еруі салдарынан су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болды. Төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 бірлік техника, 20 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 208 қызметкері мен 53 бірлік техникасы жұмылдырылып, суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Сондай-ақ облыста тұман мен көктайғақ болуына байланысты «Ұланбел-Созақ-Екпінді», «Шаян-Шолаққорған» тас жолдары уақытша жабылды. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады. Жол сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті. Аса қажеттілік туындамаған жағдайға жолға шықпауға кеңес берді.
«Созақ ауданында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бірқатар жол жабылды. Сондықтан облыс тұрғындары мен қонақтары жолға шықпағаны жөн. Созақ ауданына қарасты елдімекендерде ішкі тас жолдарда мұз-тайғақ болуына байланысты жылдамдықты асырмай, жол жүру ережесін сақтауды сұраймыз», – деді полиция департаментінің қызметкері Еркебұлан Әбдеш.
Ал облыс әкімі су нысандарын әуеден бақылап, жақын маңдағы елдімекендерге аэровизуалды шолу жасады. Барлық өзен-көл мен арықтар жіті қадағалауда деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.
Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан