Семейдегі ЖЭО-1-де өрт шықты

15.12.2022 в 17:28

Бұл туралы "Жылукоммунэнерго" МКК хабарлады

15 желтоқсанға қараған түні Семейдегі ЖЭО-1-де өрт шықты. Күтпеген жағдай кейбір жүйелердің істен шығуына әкелді. Бұл туралы "Жылукоммунэнерго" МКК хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

"15 желтоқсанда сағат 00:30-да ЖЭО-1-де отынмен қамтамасыз ету жүйесінің бірінші конвейерінде өрт шығып, отынмен қамтамасыз ету, мазут нысандарының қуат бергіштерінің істен шығуына әкеп соқты. Бұл жағдай салқындатқыш параметрлерінің төмендеуіне де әкелді", - деді "Жылукоммунэнерго" МКК өкілдері.

Мамандардың айтуынша, салқындату параметрлерінің төмендеуі қазандықтардағы жүктеменің төмендеуіне байланысты болған. Өрт салдарын жылумен жабдықтау ұйымы және "ОЭСК" АҚ бригадасы жойып жатыр.

Қазіргі уақытта ЖЭО-1-де №2 қазандық жұмыс істеп тұр, сонымен қатар бір қазандық мазутпен жұмыс істеп тұр, деп хабарлады "Жылукоммунэнерго".

Жылу көзінің жұмысы нақты қашан қалпына келтіріліп, өрттің салдары қашан жойылатынын жылумен жабдықтаушы ұйым нақтылаған жоқ.