Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болды

gov.kz
gov.kz
Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жылыту маусымы аяақталарда Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болып, 80 шаршы метр қоршау қираған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Риддерде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Мұндай шешім, аталған қаладағы ЖЭО-да апат болған соң қабылданып отыр. ШҚО-ның әкімі Даниал Ахметов қаланың орталық жұмысында кемшілік барын атап өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, жылу орталығын басқаруға алған жаңа компания иесінің бұрынғылардан еш айырмашылығы болмаған. Оның айтуынша, жаңа мердігер қаңтардан бері ешқандай жұмыс жүргізбепті.  

«Өткен кезеңде 3 миллиард теңгеден астам берешек қалыптасты. Мазут, көмір, электр энергиясын жеткізуде олқылық болды. Қараша айынан бастап шұғыл жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген компанияларға еңбекақы төленбей, кешіктірілген. ЖЭО-ның 67 рет істен шыққанын да айта кетейін. Бірнеше күн бұрын төртінші және бесінші жоғары қысымды қазандықта өрт болды. Кабельдік-өткізгіш өнімдер өртенді, көмір беру жолында ұсақ дисперсті шаң жарылды», – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Даниал Ахметовтің айтуынша, жағдайды шешудің жалғыз жолы – Риддер ЖЭО коммуналдық меншікке сатып алу. Қазір осы бағытта заңнамаға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Ал ШҚО Прокуратурасы 24 наурыз күні Риддердегі ЖЭО-ға 11 миллион теңге айыппұл салынып, тұрғындар үшін жылу тарифі төмендетілетінін хабарлады. Қазір энергетика министрлігінің мамандары оқиға болған жерде жұмыс істеп жатыр екен.

«Бұл жерге Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы дереу жолға шықты. Бұйрыққа сәйкес комиссия бұзылған технологияны тексерді. Комиссия құрамына комитет өкілдері, Риддер ЖЭО және техникалық сарапшы кірді. Тергеп-тексеру нәтижесі 10 жұмыс күні ішінде дайын болады», – деді ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ЖЭО-да 2 қазандық жұмыс істейді. Қалған 4 қазандықта ақауларды жоюға тырысып жатыр. Айта кетейін, кеше таңғы сағат 8:00 шамасында Риддердегі ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы пайда болып, жарылған еді. Салдарынан 80 шаршы метр қоршау қираған болатын.  

Өмір Серікбекұлы, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров