«Ойнап жүр деп ойлаған»: жас жігіт сүйіктісін көшеде пышақтап тастады

01.03.2019 17:30

Жантүршігерлік оқиға Ресейдің Пермь өңірі Яйва кентінде болған

sputniknews.kz

20 жастағы жігіт 17 жастағы сүйіктісін көшеде пышақтап тастады. Бұл туралы Пермь өңірі бойынша Тергеу комитеті тергеу басқармасының сайтында хабарланған, деп жазды sputniknews.kz.

Тергеу нұсқасына сүйенсек, жас жігіт жантүршігерлік қылмысты 26 ақпан күні кешке жасаған. Көшеде сүйіктісімен серуендеп келе жатқан ер адам кенеттен қызын соққының астына алады. Мұнымен қоймай, бірнеше жерден пышақ сұққан.

Readovka басылымының ақпаратынша, оқиға кезінде көшеде адамдар жүрген. Алайда олардың ешқайсысы көмекке ұмтылмапты.

Куәгерлердің айтуынша, олар ер адам қар үстінде баламен бірге ойнап жүр деп ойлаған. Қасына жақындаған кезде ғана қанды байқапты.

Белгілі болғандай, жігіт пен қыздың көңіл жарастырғанына бір жылдан асқан. Бірақ, соңғы уақытта екеуінің арасында ұрыс-керіс жиілеп кеткен. Жас жігіттің қылмысқа баруына да қызғаныш себеп болған көрінеді.

Тергеу басқармасының мәліметінше, 17 жастағы қыз ауруханаға барар жолда көз жұмған. Күдікті оқиға орнынан ізін жасыруға тырысқанымен, полициядан қашып құтыла алмады.

Құқық қорғау органдары Яйва кентінің тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалар белгіленді, тергеу жалғасуда.