Дүкен қожайыны 25 мың теңге тұратын екі көйлектің жоқтығын тек кешкісін білген
25 жастағы Павлодар тұрғыны демалыс күні өзіне көйлек сатып алу үшін қаладағы дүкендердің біріне барып, ұрлық жасаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бойжеткен өзіне ұнаған бірнеше көйлекті алып, өлшеу бөлмесіне кірген. Артынша, өлшемі сай келмеді деп кетіп қалған. Дүкеннің қожайыны 25 мың теңге тұратын екі көйлектің жоқтығын тек кешкісін білген.
Тәртіп сақшылары күдіктіні сол күні-ақ ұстаған. Бойжеткен бұрын да осыған ұқсас қылмыстары үшін істі болыпты. Күдіктінің айтуынша, көйлекті ұрлаған күні сүйіктісімен кездесуге баруды жоспарлаған екен.
Ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматшадан бұлтартпау шарасы бойынша ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.