Жайық өзенінде екі катер соқтығысып, 9 адам ауруханаға түсті

04.07.2023 17:32

Оқиға кеше, 3 шілдеде болған

t.me/atyrauoil_kz

Атырауда Жайық үстінде екі катер соқтығысып, 9 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға кеше, 3 шілдеде болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 20:05 шамасында Жайық өзенінде екі қайық соқтығысқан. Аталған қайықтар адамдарды серуендету қызметіне пайдаланылған. Су көлігінің бірінде 10 адам, ал екінші қайықта 25 адам болған. Оқиға салдарынан түрлі дене жарақатын алған 9 адам ауруханаға жеткізілді», - деп мәлім етті облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Зардап шеккендердің арасында 5 ересек адам бар. Ал кәмелетке толмаған 4 бала облыстық балалар ауруханасына түскен. Оның ішінде 6 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр.

Полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 1-бөлігімен (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.