Алматы жұртшылығы Қажымқан Мәсімовты ақтық сапарға шығарып салды

09.04.2019 22:33

Қоштасу рәсімі ҚР Ғылым академиясы ғимаратында өтті

Алматыда қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімовті жұрт ақтық сапарға шығарып салды. 80 жасқа қараған шағында қайтыс болған ақсақалмен қоштасуға келген халық қарасы көп болды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғылым ордасында өткен қоштасу рәсіміне марқұмның туған-туыстарынан бөлек Қайрат Келімбетов, Ғани Қасымов, Қалмұханбет Қасымов, Серік Күдебаев сынды билік өкілдері мен саясатта, бизнесте жүрген танымал тұлғалар келді. Ал қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хаттарын оқып берді.

«Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, ардақты әкеңіз Қажымқан Қасымұлының дүниеден өтуіне байланысты Сізге және барлық жақын туыстарыңызға ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Берік болыңыздар. Ол кісі кәсіпкерлікпен айналысып, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне шама-шарқынша үлесін қосқан. Есімі елге танымал абыройлы азамат еді. Өзіңіздей туған елі мен халқының игілігі жолында бар білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын жұмсап, аянбай еңбек етіп жүрген қайраткер ұлды тәрбиелеп өсірген еңбегі өз алдына бөлек. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын», - деп жазылған Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатында.

Қажымқан Мәсімов 1939 жылы 18 сәуірде Алматы облысының қазіргі Ақсу ауданында дүниеге келген. Омбы темір жол, Павлодар индустриалды және Алматы дене шынықтыру институттарын бітірген. Өмірін кәсіпкерлік саласы мен спорттық медицинаға арнады. Марқұм шаңырақ құрғанына 55 жыл, туғанына 80 жыл толуын 18 сәуір күні тойламақ болған екен. Алайда 7 сәуір күні еш ауырмастан қайтыс болды.


Теги: панихида