Мұнда бір мезетте 250 баланың шынығуына мүмкіндік жасалған
Ақтөбедегі ең үлкен бассейнде жаттығатын балалардың ата-аналары шағым айтып, көмек сұрады. Соңғы кездері жас спортшылардың үстіне бөртпе шығып, жиі жөтелетін болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақтөбедегі «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 800 бала тәлім алады.
Мұнда бір мезетте 250 баланың шынығуына мүмкіндік жасалған.
Алайда ата-аналар балаларының денсаулығы шыңдалмай, керісінше аурушаң болғанын айтып шағымданды.
«Спорт мектебіне баламды әкелемін. Соңғы кездері үстіне бөртпе шығып кетеді. Біз әу баста тамақтан көріп, мән бермегенбіз. Кейін жан-жақтан сұрастырып, өзге балалардың да дәл осы жағдайға тап болғанын білдік. Біздің ойымызша, суға шамадан тыс көп хлор құяды. Тексеріп, нақты жауап бергенін қалаймыз», - дейді Арман Құтттыбаев.
Соңғы кездері балаларының шағымы жиілеген. Бірінің көзі удай ашыса, енді бірі лоқсып, тынысы тарылады.
Ал жөтел суық тигеннен емес, аллергиядан болуы мүмкін.
«Бассейнге екі қызымды әкелемін. Хлордың иісі қолқаны қабады. Балалар суға жүзгенде көзі удай ашып, жаттығудан кейін ұзақ жөтеледі. Бұл дабыл қағатын жайт деп ойлаймын», - дейді қала тұрғыны Мақсат Ерғалиев.
«Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі шағымнан соң эпидемиолог мамандар судан сынама алады.
«Біз жан-жақты тексеріс жүргіземіз. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары арнайы келіп, судан сынама алады. Қоспаның әсері бар ма? Ғимараттағы ауа баптағыш істеп тұр ма? Бәрі егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Евгений Гончаров.
Айта кетейік, су спорты кешенінде хауыздағы суды жылына бір рет арнайы қоспамен залалсыздандырады.
Арнайы реагентті мемлекеттік сатып алу конкурсында ұтып алған компания жеткізеді.