Алматы маңында жантүршігерлік жол апаты болды

10.06.2022 17:35

Үш адам қаза тауып, тағы біреуі аса ауыр жағдайда ауруханаға түсті

kris_p

Алматы полицейлері ірі жол апаты фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Үш адам қаза тауып, тағы біреуі аса ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Оқиға 10 маусым күні таңғы уақытта Құлжа тасжолы бойында болды. Бұқтырма көшесі мен Гүлдала ауылының арасында екі шетелдік көлік соқтығысты.

Куәгерлердің айтуынша, 5-сериялы BMW автокөлігінің жүргізушісі Құлжа тасжолымен қалаға қарай келе жатқан. Бұқтырма көшесіне жетпей, "Тимур" автожанармай құю станциясына қарсы бетте белгісіз себептермен көлік жүргізушісі жолдың қарама-қарсы жолағына шығып, бар жылдамдықпен Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Соққының қатты болғаны соншалық, көлік ішінде болған адамдар жол жиегіне ұшып түскен. Көліктер болса темір үйіндісіне айналды.

Жантүршігерлік жол апатынан жедел жәрдем келгенге дейін үш адам қаза тапты. Яғни, екі көліктің жүргізуші және Mercedes автокөлігінде отырған жолаушы. Көлік ішінде болған 15 жастағы жасөспірім аман қалды, бірақ әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Қазіргі уақытта үш адамның өмірін қиған апат бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалды.