Жасөспірім ауыр жарақатпен облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды
Солтүстік Қазақстан облысында мектепке бара жатқан 15 жастағы оқушы қызды көлік қағып кетті. Жасөспірім ауыр жарақатпен облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 27 желтоқсан күні сағат 08:20 шамасында Шал ақын ауданы Ыбыраев ауылындағы Центральная көшесінде болған. Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің 62 жастағы жүргізушісі абайсызда 15 жастағы 10-сынып оқушысын қағып кетті.
Осы автокөліктің жүргізушісі зардап шеккен жасөспірім қызды Шал ақын аудандық ауруханасына жеткізді. Кейін бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Медициналық куәландыру Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі жүргізушісінің спирттік ішімдік ішпегенін көрсетті.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қажетті сараптамаларды тағайындау және процессуалдық шешім қабылдау үшін материал жиналып жатыр.
Жалпы 11 ай ішінде СҚО жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетуге қатысты 88 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 7 адам қаза тауып, 94 адам жарақат алды.
Бұған дейін СҚО Есіл ауданында жеңіл көлік жүргізушісі жолда ат жегілген шананы соғып, салдарынан атты жетектеген ауыл тұрғынының қаза тапқанын айтқан едік. Оқиға 25 желтоқсан күні болды.