Арасында анасы баласына қарай еңкейіп, жолға қарамаған сәттер болған
Елордада қолында кішкентай сәбиі бар автоледи анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерді бақылау барысында әйел адамның көлік жүргізіп келе жатып, жылап жатқан нәрестені қолына алып, қозғалысын жалғастырған бейнежазба анықталды.
Автоледи бір қолымен баланы ұстап, екіншісімен көлікті басқарған. Арасында анасы баласына қарай еңкейіп, жолға қарамаған сәттер болған.
Елордалық полицейлер жүргізушіні анықтады. Онымен балаларды тасымалдау талаптарын бұзу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Астана қаласы ПД мамандандырылған батальонының қызметкерлері әйелге тамақтандыруға арналған балалар орындығын сыйлады.
Полиция департаменті жүргізушілерді сақ болуға шақырады.